КЕЛЕС: ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА 160 ТОННА ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

КЕЛЕС: ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА 160 ТОННА ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ ЖЕТКІЗІЛЕДІ
Келес ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиевтің төрағалығымен 2025-2026 жылғы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық барысы бойынша мәжіліс өтті. Жиынның негізгі мақсаты – әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, бюджеттік ұйымдарды және жеке тұрғындарды қысқы кезеңге сапалы әрі уақытылы әзірлеу болды.
Мәжіліс барысында білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларының қысқы дайындық жұмыстары қаралып, ағымдағы жылдың 25 қыркүйегіне дейін барлық нысандар әзірлік паспорттарын алуы керектігі нақты тапсырылды.
Келес ауданы бойынша жалпы 165 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бар. Оның ішінде 78 білім беру нысаны, 66 денсаулық сақтау нысаны, 19 мәдениет нысаны және 2 спорт мекемесі орналасқан. Білім беру саласына қажетті 5300 тонна көмір мен 120 тонна дизель отыны, денсаулық сақтау саласына 440 тонна көмір, мәдениет саласына 58 тонна көмір мен 30 тонна дизель отыны, спорт мекемелеріне 16 тонна көмір толық жеткізілген.
Аудан аумағында қатты отынды қажет ететін 3193 жеке тұрғын үй бар. Оларға жалпы 14 986 тонна көмір қажет. Сондай-ақ, 42 жылыжай кешеніне 5479 тонна көмір жоспарланған. Бүгінгі күнге жылыжайларға қажетті көмірдің 33 пайызы, яғни 1804 тоннасы тасымалданды.
Келес ауданында көмір тасымалдауға арналған жеке теміржол тұйығы жоқ болғандықтан, отын Сарыағаш ауданындағы үш тұйық арқылы жеткізілуде. Бұл бағытта «Hermes» жеке кәсіпкерлігі, «Азамат мұнай» ЖШС және «Санас» ЖШС қызмет көрсетіп отыр. Қазіргі таңда көмірдің орташа бағасы 23 мың теңгені құрап отыр.
Мәжіліс соңында аудан әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев жауапты бөлім басшыларына әлеуметтік нысандарды қысқы кезеңге толық дайындап, қажетті отын қорын уақытылы қамтамасыз ету, сондай-ақ әзірлік паспорттарын белгіленген мерзімде алу бойынша тапсырмалар берді.