Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен жиында 2025-2026 жаңа оқу жылына дайындық барысы талқыланды. Білім бөлімінің басшысы Рахат Жайлаубай атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
Аудан бойынша жаңа оқу жылында 167 білім беру мекемесі жұмыс істемек. Оның ішінде 68 мектепке дейінгі ұйым мен 99 жалпы білім беретін мектеп бар. 1-сыныпқа 2900 оқушы қабылдау жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 2500-ден астам өтініш қабылданған. Ал 11-сыныпты 2300 түлек тәмамдайды деп күтілуде.
1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында «Келешек мектептер» жобасы аясында Біртілек ауылдық округінде 300 орындық №66 жалпы орта мектеп, сондай-ақ Ақтөбе ауылдық округінде 600 орындық №64 жалпы орта мектеп пайдалануға беріледі. Жаңа мектептердің іске қосылуы нәтижесінде үш мектептен жалпы саны 193 педагог ауысады.
Аудан мектептерінде жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда №1 О.Есімов атындағы және №4 Ж.Баласағұн атындағы мектептер реновациядан өтуде. Сонымен қатар үш мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары мердігерлер есебінен басталып кетті, ал қалған үш мектептің жөндеуі келесі жылға жоспарланған.
Мектепке дейінгі ұйымдар бойынша 12 мемлекеттік балабақша күрделі жөндеуді қажет етеді. Демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттама істеліп, облыстық басқармаға ұсынылғанымен, қаржы тапшылығына байланысты мәселе шешімін таппай тұр.
Өткен жылы 3200-ден аса оқушы тасымал арқылы білім алса, жаңа мектептердің ашылуына байланысты биыл бұл көрсеткіш 286 оқушыға азаяды. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында 21 мектепке 5300 тонна көмір бөлініп, оның 2800 тоннасы жеткізілді. Білім сапасын арттыру үшін жаңа оқу жылында 3 химия, 4 биология, 4 физика, 4 STEM және 4 робототехника кабинеті толықтай жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтік қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Аудан бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсетілуде. Жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен 3400 балаға мектеп формасын сатып алуға бір реттік қаржылай көмек беріледі. Жиын қорытындысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды міндеттеді.