КЕЛЕС: ПАВЛОНИЯ ӨСІРІП, ЖАҢА ІСКЕ ЖОЛ АШҚАН ЗЕЙНЕТКЕР
Келес ауданына қарасты Бірлесу ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер Оразалы Жақыпұлы туған жерінде тың бастаманың үлгісін көрсетіп отыр. Ол үш жыл бұрын 4 гектар жерге павлония ағашын отырғызған болатын. Бүгінде сол ағаштар 10 метрге дейін бой көтеріп, жайқалып өсіп тұр.
Зейнеткер ағаш көшеттерін Өзбекстан Республикасынан арнайы әкеліп, тәжірибе ретінде егіп көрген. Нәтижесі ойдағыдай болған соң, бүгінде ол 10 мың түп павлонияны өндіріп, көшеттерін сатылымға шығарып отыр.
Оразалы Жақыпұлының айтуынша, павлония ерекше күтімді қажет етпейді және еліміздің ауа райына бейімделген. Ағаш түрі жылдам өсетіндіктен, небәрі бірнеше жылда биіктігі 40 метрге дейін жетеді екен. Оның өнімінен сапалы жиһаздың барлық түрін жасауға мүмкіндік бар.
— Менің бар арманым – туған ауылымның жерінде игі істердің көбеюі. Павлония – болашақтың ағашы. Көшеттерін көбейтіп, ауыл тұрғындарына да егіп көруге кеңес беремін. Бұл әрі табиғатқа пайда, әрі табыс көзі, – дейді еңбекқор қария.
Бүгінде қариядан үлгі алған ауылдастары да павлония өсіруге қызығушылық танытуда. Тіпті шаруаның көршісі де 1 гектар аумаққа павлония ағашын отырғызып үлгерген. Бұл бастама ауыл ішінде қолдау тауып, жаңа кәсіптің жолын ашуда.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі