КЕЛЕС: РЫСБЕКОВТЕР ӘУЛЕТІ ҮЗДІК ҮШТІКТЕН КӨРІНДІ

КЕЛЕС: РЫСБЕКОВТЕР ӘУЛЕТІ ҮЗДІК ҮШТІКТЕН КӨРІНДІ
Түркістан қаласында өткен «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Келес ауданынан қатысқан Рысбековтер отбасы III орынға ие болды.
Бұл байқау 12 жылдан бері республика көлемінде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және оның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, үлгілі әулеттерді көпшілікке таныту.
Облыс бойынша байқауға 198 отбасы өтінім беріп, аудандық және қалалық кезеңдерде үздік шыққан 27 отбасы облыстық сынға жолдама алған. Нәтижесінде, өзара татулығымен, еңбексүйгіштігімен және тәрбиелі ұрпақ өсірудегі үлгісімен ерекшеленген үш отбасы жүзден жүйрік танылды. Соның ішінде Келестік Рысбековтер әулеті үздік үштіктің қатарынан көрініп, абыройлы марапатқа ие болды.
Салтанатты марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жеңімпаз отбасыларды құттықтап, олардың қоғамдағы маңызы зор рөлін атап өтті.
Айта кетейік, Рысбековтер отбасының жетістігі – Келес ауданы үшін үлкен мақтаныш. Әулет мүшелері ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрді сақтап, бірліктің, еңбектің және сыйластықтың нағыз үлгісін көрсетіп келеді.