Астана қаласында ұстаздардың Республикалық тамыз конференциясы өтті. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұйымдастырылған дәстүрлі басқосуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы басым бағыттарға тоқталды. Президент ұстаз мәртебесін арттыру, білім сапасын жетілдіру және жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде ұстаздардың өлшеусіз рөліне ерекше назар аударды.
Жиын барысында ел болашағы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан бірқатар ұлағатты ұстаздар Мемлекет басшысының қолынан мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың қатарында Келес ауданындағы №4 Ж.Баласағұн атындағы жалпы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Айтлеуов Нұртас Әбдуайтұлы да бар. Ұстазға Қасым-Жомарт Кемелұлы “Ерен еңбегі үшін” медалін табыстады.
Айтлеуов Нұртас Әбдуайтұлы – 40 жылға жуық уақыт бойы шәкірт тәрбиелеу ісіне өзін арнаған тәжірибелі педагог. Ол орта білім беру жүйесінде сындарлы оқыту теориясына негізделген заманауи әдістерді тиімді пайдаланып, математиканы оқытудың жаңа қырларын енгізіп келеді.
Бүгінге дейін оның тәрбиелеген жүздеген шәкірті республикалық және халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, мемлекеттік білім грантын жеңіп алған. Көпшілігі еліміздің және шетелдің беделді жоғары оқу орындарында білім алуда.