Түркістан облысында халықты таза ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасып, биыл 66 нысанның құрылысына қаржы бөлінді. Апталық мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бағыттағы жұмыстарды мерзімінде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Жыл соңына дейін 38 елді мекенді толық ауыз сумен қамтып, құрылыс барысына күнделікті мониторинг жүргізу жүктелді. Қаржы уақытында игерілмесе, аудан әкімдерінің жауапкершілігі қаралатыны ескертілді. Биыл 38 нысан пайдалануға беріліп, 28 нысанның құрылысы 2026 жылға өтеді, сондай-ақ 30 елді мекенге жаңа су құбыры тартылып, тозығы жеткен желілер жаңартылады.
Облыста ауыз сумен жабдықтауды 17 мекеме атқарып, Ордабасы, Қазығұрт, Бәйдібек, Сарыағаш, Келес аудандарында нысан құрылысы қарқын алған. Соңғы жылдары 215 елді мекен жоспарға енгізіліп, оның 86-сы толық ауыз сумен қамтылды.
Қазіргі таңда 129 елді мекен кестемен су алуда: оның 68-і әкімдіктердің, 61-і «Қазсушар» РМК-ның қарамағында. Биыл 24 елді мекен тәулік бойы ауыз сумен қамтылып, қалған 20 ауыл келесі жылы қосылады.