Келес ауданының Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық және Қоралас елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған мәселе Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың жергілікті тұрғындармен кездесулерінде бірнеше рет көтерілген болатын. Қазіргі таңда бұл маңызды бастама нақты іске асырылып, өз шешімін табу үстінде.
Жоба бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынып, оны «МК Проект» ЖШС әзірледі. Өткен жылы мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «Ремстрой» ЖШС мердігер ретінде анықталып, бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Қаржыландыру жоспарына сәйкес, құрылыс ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында толық аяқталып, нысан пайдалануға берілмек. Жоба іске асқанда 445 тұрғын үй немесе 3308 адам тұрақты әрі сапалы табиғи газбен қамтылады. Бұл бастама аясында екі елді мекен ғана емес, сондай-ақ жаңадан берілген тұрғын үй құрылыс учаскелері де толықтай табиғи газ жүйесіне қосылады.