Келес ауданында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Сариев реновация жобасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан екі білім ордасының ахуалымен танысып, мердігерлермен кездесті.
Қазіргі таңда №1 О.Есімов атындағы жалпы білім беретін мектебі мен №4 Ж.Баласағұн атындағы жалпы білім беретін мектебі – толық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандар қатарында.
Реновация жобасы аясында ғимараттардың ішкі және сыртқы инженерлік жүйелері толық ауыстырылып, мектеп жиһаздары жаңартылуда. Сондай-ақ санитарлық тораптар заманауи талаптарға сай қайта жабдықталуда.
Дәурен Сариев мердігер ұйымдардың өкілдеріне жұмыстың сапасына ерекше мән беруді және жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
— Білім беру мекемелерінің уақытында және сапалы дайындалуы – жаңа оқу жылының сәтті басталуының кепілі. Бұл – тек инфрақұрылымдық мәселе емес, оқушылар мен ұстаздардың жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына жасалған жағдай, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, №1 О.Есімов атындағы жалпы білім беретін мектебінде 1100-ден аса оқушы, ал №4 Ж.Баласағұн атындағы жалпы білім беретін мектебінде 600-ден астам оқушы білім алады. Жаңартылған мектептерде жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды жайлы және заманауи білім беру ортасы күтіп тұрмақ.