Жыл басынан бері Келес ауданының орталығы Абай ауылында ауқымды жұмыстар атқарылып, елді мекеннің әлеуметтік-инфрақұрылымдық әлеуеті айтарлықтай артты. Ауыл әкімі Асылбек Жұманов жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді кеңінен баяндап берді.
Ауыл аумағында бүгінде 87 шақырымды құрайтын 120 көше бар. Оның 110 көшесі асфальтталған, ал 10 көше тас-шағал жабындысымен қамтылған. Топырақ жолдар мүлдем жоқ. Ағымдағы жылы Абай ауылындағы «Құрылыс», «Аққорған», «Еңбекші», «Арал» мөлтек аудандары мен Оңтүстік көшесі және ішкі тұйық көшелерді орташа жөндеуден өткізу үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс жолданып, қажетті қаржы қарастырылған. Сонымен қатар Жамбыл, Асан қайғы, Б.Қырғызалиев, Төле би, Ә.Жылқышиев гүлзары, Т.Рысқұлов көшесінің батыс бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, ұсыныстар берілді.
Былтыр Қожамберді батыр, Отан, Ынтымақ, Мәдениет, Арал және Өркениет көшелерінде электр желілері мен трансформаторлар жаңартылып, тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Биыл бұл жұмыс жалғасын тауып, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Р.Махатова, Б.Қырғызалиев, Құрылыс көшелері мен Қыш зауыты мөлтек ауданында электр желілері жаңартылып, «ҚазСтройЭвест» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нысандар толық пайдалануға берілді.
Абай ауылының тұрғындары бүгінгі таңда 100 пайыз табиғи газбен қамтылған. Алайда «Құрылыс», «Арал», «Аққорған» мөлтек аудандары мен С.Баубеков, Т.Бигелдинов, К.Байсеитова, Ж.Шаяхметов көшелерінде тұрғындар өз күштерімен орнатқан жіңішке диаметрлі газ құбырлары қыс мезгілінде газ қысымының төмендеуіне себеп болуда. Бұл мәселені шешу үшін қазіргі таңда тиісті мемлекеттік актілер алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмалары әзірленуде.
Ауыз сумен қамту бойынша ауыл тұрғындары «Сарыағаш ТСЖ» мекемесі арқылы сапалы таза ауыз суды тұтынып келеді. Жаз мезгілінде су тұтыну көлемінің артуына байланысты биік аймақтарда орналасқан мөлтек аудандарға су арнайы кесте бойынша су тасушы көлікпен жеткізілуде. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға басымдық беріліп отыр. Бұған қоса, биыл Ынтымақ, З.Рүстемов, Ташанов пен Қойлыбаев көшелерінің қиылысы және Шығыс мөлтек ауданындағы су тазартқыш модульдер жөнделіп, Құрылыс мөлтек ауданы мен Н.Жұматаев көшесіне жаңа құрылғылар орнатылып іске қосылды. Тұрғындар бүгінде осы нүктелерден қауіпсіз әрі сапалы ауыз суды еркін тұтына алады.
Ауыл аумағында ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін Өзбекстан Республикасынан келетін «Зах» каналынан магистралды су құбырын тарту арқылы жүзеге асатын ірі жоба қолға алынған. Жобаны әзірлеуші – «МПК Проект» ЖШС. Жоба аясында Алпамыс батыр ауылдық округінде 20 000 текше метрлік, ал Біртілек ауылдық округінде 600 текше метрлік су қоймаларын салу жоспарланып отыр. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Абай ауылы мен оған іргелес екі ауылдық округ үздіксіз таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Көктемгі көгалдандыру науқаны аясында ауыл аумағына 850 түп түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, көп бөлігі әлеуметтік нысандар мен мөлтек аудандарға егілді. Сонымен қатар ауыл келбетін көркейту мақсатында М.Артықов, Д.Қонаев, Б.Қырғызалиев көшелерінің бойына 15 мыңға жуық гүл отырғызылды. Б.Қырғызалиев көшесінің бойындағы «Ардагерлер» аллеясында «Барс» ЖШС-нің демеушілігімен воркаут алаңы салынып пайдалануға берілсе, Т.Рысқұлов көшесіндегі №103 үй ауласында балалар ойын алаңы мен спорт алаңы бой көтерді. Бүгінде ауылдағы 55 көше жарықтандырылған. Бұл жалпы көшелердің 62 пайызына тең. Биыл бюджеттен қаражат бөлініп, жарықтандырылған көшелер үлесін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Асан қайғы, Ә.Жылқышиев, Т.Бегманова, Ынтымақ, А.Омаров, Қыш зауыты, Қ.Сәтбаев, Жамбыл, Ж.Садуов көшелері мен «Араншы» каналын абаттандыру, аяқжол салу, бордюр, лоток және жарық шамдарын орнату мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, облыстық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылды. Қазіргі таңда бірқатар учаскелерде құрылыс жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, ауыл аумағынан өтетін ұзындығы 10 шақырымға жуық арықтар мен каналдар көктемгі егіс науқанына дайындық ретінде механикалық тазалаудан өткізілді.
Білім саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Асанқайғы көшесінде «АША-А» ЖШС-нің мердігерлігімен «Жаңа буынды дамыту орталығының» құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ осы көшенің бойында жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында «Ақордасы» корпорациясының қолдауымен заманауи спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар ауыл аумағынан мұражай салу бастамасы қолға алынып, «Намыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Абай ауылының бас жоспарына сәйкес, 2022 жылы тұрғын үй және қосалқы шаруашылық үшін 96 гектар жер телімі белгіленген. 2024 жылдан бастап осы аумаққа электр қуаты тартылып, қазіргі таңда 464 азаматқа тұрғын үй салу және шаруашылық жүргізу үшін жер телімдері кезекке сәйкес берілуде. Аталған аумақты табиғи газбен, ауыз сумен қамту үшін тиісті мемлекеттік актілер алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмалары дайындалуда. Жолдарға тас-шағал төсеу бойынша «СВХ АКТОГАЙ» ЖШС жеңімпаз атанып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұған қоса, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жеке инвесторлардың есебінен осы аумақта 104 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Қазір кезекте тұрған азаматтарды санаттары бойынша түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Үйлер алдымен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұл жетімдерге, көп балалы отбасыларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға берілетін болады.
Ауыл әкімі Асылбек Жұмановтың айтуынша, аталған жұмыстардың барлығы тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту және Абай ауылын келешекке сеніммен қарайтын, үлгілі елді мекендердің біріне айналдыру мақсатын көздейді.