Келес ауданында ауыл шаруашылығының басым бағыттарының бірі ретінде балық шаруашылығын дамытуға ерекше мән берілуде. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері аясында бұл салада бірқатар жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда және ауылдық жерлерде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық нығая түсуде.
Аталған бағыттағы жобалардың бірі – «БозСу Балық Шаруашылығы» жеке кәсіпкерлігі. Кәсіпкер Олжас Әбдіжаппарұлы басшылық ететін бұл жоба 4,8 гектар жер телімінде жүзеге асырылуда. 2024 жылы кәсіпкерлік нысаны 1 миллион амур шабағын су айдынына жіберіп, нәтижесінде 4 тонна балық өнімі алынды.
Биыл шабақ саны 3 миллионға дейін ұлғайып, олардың 600 мың данасы сатылымға шығарылды. Қалған шабақтардан қосымша 10 тонна балық өнімі алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, инкубаторлық цех іске қосылып, алғашқы кезеңде 20 келі уылдырық өндірілді.
Келесі жылы бұл көлемді 100 келіге дейін ұлғайту жоспарлануда. Қазіргі таңда кәсіпкерлік 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар қауіпсіз еңбек жағдайымен және тұрақты жалақымен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, аудан көлемінде ірі жобалардың бірі – «Көшім» шаруа қожалығы. Жобаны Райс Көшімұлы басқарады. Жалпы аумағы 76,2 гектарды құрайтын шаруашылық балық өсірумен қатар, балық өңдеу цехын ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Шаруашылық жылына 32 тонна балық өндіріп, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Аудан көлемінде балық шаруашылығымен қатар, өндірістік бағыттағы жобалар да қолға алынған. Соның бірі – «Керуен» өндірістік цехы. Гүлсім Абдурахманова жетекшілік ететін бұл жоба үй-тұрмыстық химия өнімдерін шығару бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда кәсіпорын жылына 700–800 тонна өнім өндіріп, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Жалпы алғанда, Келес ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан бұл жобалар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, экономиканың әртараптандырылуына және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуде.