Келес ауданына жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасынан келген кәсіпкерлер – алтын өндіру және құрылыс салаларында көп жылдық тәжірибесі бар Фу Синвэнь мен Чжан Хао арнайы келіп, өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетімен танысты.
Қонақтарды аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев қабылдап, Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде кең көлемде ақпарат берді. Кездесу барысында аудан басшысы шетелдік кәсіпкерлермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізіп, өңірде қолайлы бизнес ахуал қалыптасқанын атап өтті.
Қытайлық қонақтар индустриалдық аймаққа арнайы барып, ондағы инфрақұрылыммен, бос жер телімдерімен және болашақта жүзеге асырылуы мүмкін өндірістік жобалармен танысты. Қонақтар индустриалдық аймақтың географиялық орналасуы, көлік логистикасы, еңбек ресурстары және инженерлік инфрақұрылым деңгейіне жоғары баға берді.
Фу Синвэнь мен Чжан Хао өз кезегінде Қазақстанда, оның ішінде Тараз қаласы мен өзге өңірлерде алтын өндіру жобаларын сәтті іске асырып жатқанын атап өтіп, Келес ауданында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін жеткізді. Атап айтқанда, олар өңірде тұрғын үй және өндірістік нысандар салу, логистикалық орталықтар құру мүмкіндіктерін қарастыруда.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірлескен жобаларды қолға алуға әзір екендіктерін білдіріп, Қытайдан инвестиция, заманауи технология және құрылыс ресурстарын тартуға дайын екендерін жеткізді. Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты тереңдету және нақты жобаларды бірлесіп талқылау жөнінде уағдаласты.