Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелер көтерілді.
Атап айтқанда, Абай ауылының тұрғыны учаскелік жерге қатысты мәселесін жеткізді. Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Тоқаш Бердияровтың 100 жылдық мерейтойына орай кітап шығаруға қолдау көрсетуді сұрады.
Қошқарата ауылдық округінен келген тұрғын жер мәселесін қозғаса, Шымкент қаласынан келген азаматша жеке тұрғын үйін заңдастыру мәселесімен жүгінді. Ал Ошақты ауылдық округінен келген тұрғын балалар ойын алаңшасын салу қажеттігін айтты.
Қабылдауға ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшылары қатысты. Аудан әкімі тұрғындардың әрбір өтінішін мұқият тыңдап, олардың шешілуі бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді. Аудан басшысы барлық көтерілген мәселелерді жеке бақылауына алатынын және заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.