КЕЛЕС АУДАНЫН КӨРКЕЙТУ ІСІНЕ БАРША ҚАУЫМ АТСАЛЫСУДА

КЕЛЕС АУДАНЫН КӨРКЕЙТУ ІСІНЕ БАРША ҚАУЫМ АТСАЛЫСУДА
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, кәсіпкерлер және тұрғындармен кездесті. Аудан басшысы орталық көшелер бойындағы кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбетін бірдейлендіру және эстетикалық талаптарға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті.
— Аудан орталығы – біздің айнамыз. Сондықтан әрбір нысанның сыртқы келбеті заманауи талаптарға сай, үйлесімді болуы тиіс. Бұл – кәсіп иелерінің де, тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі, – деді аудан әкімі.
Аталған ұсыныс кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып, құрылыс және абаттандыру жұмыстарын бірлесе отырып үйлестіру жөнінде шешім қабылданды.
Сонымен қатар, Жәнібек Ағыбаев көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылым жүйелерін жаңарту, аулаларды абаттандыру және балалар ойын алаңдарын орнату жөнінде өз өтініштерін жеткізді.
— Әрбір тұрғынның өмір сүру сапасын арттыру – біздің басты міндетіміз. Ауламыз таза, жарық, қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін бірлесіп жұмыс жасауымыз қажет, – деп атап өтті аудан басшысы.
Тұрғындар көтерген мәселелерді ескеріп, аудан әкімі Абай ауылының әкіміне нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Сапар барысында Жәнібек Ағыбаев Абай ауылының кіреберісіндегі аллеяға да арнайы тоқтап, оның тазалығы мен көгалдандыру жайына көңіл бөлді. Кемшіліктерді сынға алған аудан басшысы тиісті сала мамандарына ретке келтіру жөнінде нақты тапсырма берді.
— Тазалық пен тәртіп – ауыл мәдениетінің көрсеткіші. Бұл бағытта әрбір жауапты мекеме де, әр тұрғын да белсенділік танытуы қажет, – деді әкім.
Келес ауданында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, нысандардың сыртқы келбетін жақсарту және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды жалғасады.