КЕЛЕС: КӨГАЛДАНДЫРУ МЕН ТАЗАЛЫҚ – АУДАН ӘКІМІНІҢ БАСТЫ НАЗАРЫНДА

КЕЛЕС: КӨГАЛДАНДЫРУ МЕН ТАЗАЛЫҚ – АУДАН ӘКІМІНІҢ БАСТЫ НАЗАРЫНДА
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығындағы бірқатар көшелерді аралап, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысы жұмыс барысында жауапты мекеме басшылары мен ауыл әкіміне нақты тапсырмалар беріп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын көзбен көріп бағалады.
Атап айтқанда, Жәнібек Ағыбаев көгалдандыру мен санитарлық тазалық мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты. Ол көгалдарды күтіп ұстау, арам шөптерден тазарту, уақытылы қырқу және үнемі суару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді міндеттеді.
— Көгалдандыру тек маусымдық науқан емес, бұл – аудан көркін арттыратын және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартатын күнделікті әрі маңызды жұмыс. Жасыл желекке күтім жасау – әр мекеменің тікелей міндеті. Тазалық пен тәртіп – аудан мәдениетінің көрсеткіші, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудан басшысы бірқатар кемшіліктерді сынға алып, оларды жедел түрде ретке келтіруді тапсырды. Тұрғындар көп жүретін аумақтар мен орталық көшелердің тазалығын, жарықтандыру және жаяу жүргіншілер жолдарының жағдайын бақылауда ұстау қажеттігін де ескертті.