КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ САҢЫРАУ, ИГІЛІК ЖӘНЕ ШОШЫМ КАНАЛДАРЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ САҢЫРАУ, ИГІЛІК ЖӘНЕ ШОШЫМ КАНАЛДАРЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ
Келес ауданында биыл 86,9 шақырымды құрайтын 32 канал мен қашыртқыны механикалық тазалау көзделген. Бүгінгі таңда 8 нысан, яғни 27,3 шақырым механикалық тазалаудан өткізілді. Атап айтқанда, Ошақты ауылдық округінде 16,5 шақырым, Қошқарата ауылдық округінде 6,8 шақырым, Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 шақырым тазартылған.
Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік жиында аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Өмірсерік Алтынбаев баяндады.
Оның айтуынша, «Келес ауданы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгерімінде жалпы ұзындығы 1 051,2 шақырымды құрайтын 148 канал және 144 қашыртқы бар. Сонымен қатар аудан аумағынан ағып өтетін Келес өзені бойында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Ошақты, Бесабдал, Оймауыт су бөгеттері және сыйымдылығы 25 миллион текше метрді құрайтын «Ақылбексай» су қоймасы орналасқан. Қазіргі таңда бұл су қоймасында 10,9 миллион текше метр су бар, ал су бөгеттері қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.
Аппараттық жиында күрделі жөндеуден өтетін каналдардың жобалары да таныстырылды. Саңырау каналының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін 1 850 гектар жер қайта айналымға қосылып, жалпы 3 900 гектар егістік жерге ағын су жеткізу мүмкіндігі артады.
Игілік каналының да жобалық құжаттамасы әзірленген. Құны 1,3 миллиард теңге болатын бұл жоба қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бүгінде Игілік каналы арқылы 561 гектар жерге су жеткізілсе, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін пайдаланудан шығып қалған 250 гектар суармалы жер қайта айналымға қосылады.
Шошым каналы да жаңғыртудан өтпек. Жалпы ұзындығы 27,2 шақырым болатын бұл каналдың Келес ауданы аумағына тиесілі бөлігі 11,5 шақырымды құрайды. Жобаның құны 5,2 миллиард теңге. Бүгінгі таңда бұл канал арқылы 725 гектар егістік суарылып отыр. Жобаны іске асыру аяқталғаннан кейін қосымша 682 гектар жер қайта айналымға қосылып, жалпы 1 407 гектар егістік жерге су жеткізіледі.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 127,9 шақырымды құрайтын тағы 10 каналдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып отыр. Тамыз айында конкурстық жұмыстар жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 4 068 гектар жер қайта айналымға қосылып, 11 621 гектар егістік жерге су беру сапасы жақсарады.