ТҮРКІСТАН: ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ТАЗАЛЫҒЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

ТҮРКІСТАН: ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ТАЗАЛЫҒЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
✔️ Түркістан облысында демалыс орындарының қауіпсіздігі мен тазалық деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Бұл мәселе облыс әкімі аппаратының кезекті апталық мәжілісінде кеңінен талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров туристік нысандардың тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды үдету қажеттігін атап өтті.
📌 – Аудан және қала аумағындағы су айдындарына қауіпсіздік белгілерін орнату, судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң бақылау – басты міндет. Туристік инфрақұрылымды дамыту, сапалы қызмет көрсетуді жолға қою және жағажайлардағы қауіпсіздікті арттыру үшін нақты шаралар қабылдануы тиіс. Кемшіліктерге жол берген басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің жауапты орынбасарларына қатысты жауапкершілік мәселесін қарауды ұсынамын. Туризм – облыс үшін басым бағыт. Бұл саланы жандандыру – ортақ міндет, – деді Нұралхан Көшеров.
✔️ Мәжіліс барысында облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов пен Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Төлешевтің есептері тыңдалды.
✔️ Бүгінде Түркістан облысында туристерге қызмет көрсететін 245 орналастыру орны, 298 демалыс базасы және 117 емдік-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Әсіресе, жаз мезгілінде «Шардара» су қоймасы, Балықты көлі мен «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне келушілердің саны артады. Облыс аумағында 27 ресми суға шомылу аймағы болса, шомылуға тыйым салынған 111 қауіпті орында ескерту белгілері орнатылған. Бұл шаралар жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталғанымен, қауіпсіздік талаптарын сақтамайтындар да бар. Сондықтан бақылау шаралары күшейтілетін болады.
✔️ Туризм саласын жүйелі дамыту мақсатында қадамдық жоспар бекітіліп, аудан және қала әкімдіктеріне демалыс және туристік аймақтарда санитарлық тазалықты тұрақты қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында да жалғасын табуда. Әр мекемеге нақты міндеттер жүктеліп, тиісті тапсырмалар берілді.
✔️ Мәжіліс қорытындысында туристік инфрақұрылымды жетілдіру, туризм кластерін дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау бағытында нақты ұсыныстар айтылып, олар хаттамаға енгізілді. Облыстағы жағажайларда мониторинг және реттеу жұмыстары жалғасады.