Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалығымен тиісті дербес бөлім басшыларының қатысуымен жиын өтті. Басқосуда аудандағы өзекті мәселелер – ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерлердің игерілуі, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстардың қазіргі жай-күйі кеңінен талқыланды.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласындағы жерлердің пайдаланылу тиімділігіне ерекше назар аударылып, тиісті бөлімдер тарапынан есептер тыңдалды. Әкім пайдаланылмай жатқан егістік алқаптар мен жайылымдық жерлерге қатысты нақты деректерді талап етіп, бұл бағытта жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
– Жер – елдің ең басты байлығы. Оны мақсатты әрі тиімді пайдалануымыз керек. Ауыл шаруашылығына берілген жерлер тек құжат жүзінде емес, іс жүзінде халық игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Бұған жер иелерінің де, тиісті ауылдық округі әкімдіктері мен бөлімдердің де жауапкершілігі жоғары болуы қажет, – деді Жәнібек Ағыбаев.
Сондай-ақ жиында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мәселелері де назардан тыс қалмады. Аудан әкімі мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан жеңілдіктер мен қолдауларды ауыл тұрғындарына жан-жақты түсіндіру қажеттігін атап өтіп, бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жиын соңында аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласындағы жұмысты жүйелеу, бақылау және мерзімді түрде есеп беріп отыру бойынша нақты міндеттер жүктеді.