КЕЛЕС АУДАНЫНДА 575 ТОННА БАЛЫҚ ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ
Келес ауданы бойынша 11 балық шаруашылығы тіркелген. Олардың жалпы жер аумағы 332,9 гектарды құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың ішінен 7 шаруашылық белсенді жұмыс істеп, жалпы көлемі 575 тонна балық өнімін өндірді. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Жиында аудан аумағындағы балық шаруашылығының қазіргі жағдайы, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы даму жоспары, сондай-ақ аквакультура саласына қатысты жаңа заң талаптары мен мемлекеттік қолдау тетіктері талқыланды. Жиынға Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері мен сала мамандары қатысты.
Баяндамада аудан бойынша 11 балық шаруашылығы тіркелгені, олардың жалпы аумағы 332,9 гектарды құрап, жылдық қуаттылығы 2 710 тоннаны құрайтыны айтылды. Былтыр 7 шаруашылық 575 тонна өнім өндірген.
Сондай-ақ, Келес өзенінің арнасын реттеу нәтижесінде 17 жер телімі аукцион арқылы үлестірілгені, алайда кейбір жер иелері жұмысты бастамағаны айтылып, қадамдық іс-шара жоспарын бекіту және талап орындалмаған жағдайда жерді қайтару ұсынылды. Инспекция өкілдері жаңа заңнама мен құжаттандыру тәртібін түсіндіріп, мемлекеттік қолдау туралы толық ақпарат ұсынылды.
Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев Келес ауданы балық шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын және ниет білдіруші азаматтарға аудан әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі