КЕЛЕС: АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ БОЛЫП АСЫЛБЕК ЖҰМАНОВ САЙЛАНДЫ

КЕЛЕС: АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ БОЛЫП АСЫЛБЕК ЖҰМАНОВ САЙЛАНДЫ
КЕЛЕС: АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ БОЛЫП АСЫЛБЕК ЖҰМАНОВ САЙЛАНДЫ
Келес ауданының орталығы – Абай ауылының әкімі сайланды. Жаңа сайланған әкімді Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ұжымға таныстырды. Сонымен қатар, ауылды дамыту бағытында бірқатар нақты міндеттерді жүктеді.
— Абай ауылы – ауданның жүрегі. Халық сенім білдіріп, сізді сайлады. Енді осы сенімді ақтау – басты міндет. Ең алдымен, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударып, тазалық пен абаттандыруды жүйелі түрде жүргізу керек. Кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын қолдап, жастармен жұмысты жандандыру қажет. Ең маңыздысы – халықпен етене жұмыс істеп, әрбір тұрғынның мәселесіне бейжай қарамау керек. Елдің амандығы мен ауылдың дамуы – ортақ міндетіміз, – деді аудан басшысы.
Осы уақытқа дейін Абай ауылының әкімі қызметін атқарған Ерғали Абдрахмановқа аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, сәттілік тілеп, арнайы алғыс хат табыстады.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ермекбай Өтешов Абай ауылының әкімі болып сайланған Асылбек Жұмановқа ресми куәлікті салтанатты түрде табыстап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Асылбек Жақсылықұлы Жұманов 1994 Келес ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және конструкциялануы» мамандығы бойынша, сондай-ақ Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын 2018 жылы Сарыағаш ауданы, Алпамыс батыр ауылдық округі әкімінің аппаратында бастаған. Әр жылдары Келес ауданының экономика және қаржы, мемлекеттік активтер және сатып алу, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. 2022 жылдан бастап Келес ауданы әкімі аппаратының кадр қызметі бөлімшесінің басшысы, 2024 жылдан бастап кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
🔗Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі