
– Туристік нысандар – біздің келбетіміз. Мемлекет басшысы осы бағытта нақты міндеттер жүктеп отыр. Жаңа жағажайларды аралап шықтық. Қауіпсіздік, тазалық бойынша кемшіліктерді көрдік. Төтенше жағдайға жауапты мекемелер жұмысты күшейтіп, кемшіліктерді жоюы керек. Полиция тарапынан тазалық талаптарының орындалуы, алкогольді ішімдіктердің сатылмауы, жалпы тәртіптің сақталуы қадағалансын. Тұрғындардың қауіпсіздігі – ең басты мәселе. Екіншіден, осы туристік нысандардың салық төлемдеріне қатысты да сұрақтар бар. Жергілікті кірістер басқармасы жұмысты ширатсын, – деген Нұралхан Көшеров «Қазсушар» мекемесі мен Шардара ауданы әкімдігіне және Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына демалыс орындарын тіркеу, заңдылығын сақтау бойынша тиісті тапсырмалар берді. Туризмге жауапты салғырттыққа жол берген басшылар пен қызметкерлерге тиісті тәртіптік шара көруді міндеттеді. Сонымен бірге жағажайларда құтқарушылар санын көбейту, суға тым жақын орналасқан сәкілерді талапқа сай алыстату, автотұрақты реттеу және өзге де тапсырмалар берілді. Мониторинг жұмыстары тұрақты жалғасады.