КЕЛЕС: ТОҚАШ БЕРДИЯРОВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛЕДІ

КЕЛЕС: ТОҚАШ БЕРДИЯРОВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛЕДІ
Келес ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс жиырма жетінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысты. Мәслихат отырысын аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Нұрхан Мережепов жүргізді.
Сессияда қаралған маңызды мәселелердің бірі – Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елді мекеніндегі атауы қайталанатын М.Мәметова көшесіне жаңа атау беру туралы болды.
Аталған мәселе бойынша аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Жансая Маханбеталиева баяндама жасап, ұсыныс негізінде М.Мәметова көшесіне Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын, жазушы, публицист Тоқаш Бердияровтың есімін беру ұсынылды.
Ұсынысқа сәйкес, қазіргі таңда қайталанатын атауы бар көшеде 33 отбасы тұрады. Көше ұзындығы 1000 метрді құрайды, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Бұған дейін бұл көшеге қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың есімі ономастика комиссиясының хаттамасы негізінде берілген болатын.
Дегенмен, елді мекенде дәл осы атаумен басқа көше де бар болғандықтан, қайталануды болдырмау үшін көше атауын өзгерту қажеттігі туындаған. Атауды өзгерту туралы бастама тұрғындармен өткізілген жиында көтеріліп, елді мекен тұрғындарының бірауызды қолдауына ие болды.
Айта кетейік, Тоқаш Бердияров 1925 жылы қазіргі Келес ауданында дүниеге келген. Ол — қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы, публицисі, әрі Ұлы Отан соғысының ардагері. 1942 жылы небәрі 17 жасында майданға аттанып, Сталинград шайқасына, Курск доғасындағы ұрыстарға қатысқан. Ерлігі үшін бірнеше әскери орден-медальдармен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары әдеби шығармашылыққа ден қойған.
Тоқаш Бердияров — ел мен жер, ерлік пен отансүйгіштік тақырыптарын арқау еткен көптеген поэзиялық жинақтардың авторы. Оның шығармалары қазақ әдебиетінің рухани қазынасына айналды. Ақын ретінде де, жауынгер ретінде де есімі ел есінде үлкен құрметпен сақталып келеді.