КЕЛЕСТЕ САЛА КӨРСЕТКІШТЕРІ САРАЛАНДЫ

КЕЛЕСТЕ САЛА КӨРСЕТКІШТЕРІ САРАЛАНДЫ
Келес ауданы әкімдігінде бірінші жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылауға арналған алқалы жиын өтті. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Даурен Сариевтің төрағалығымен өткен басқосуда негізгі салалар бойынша жоспардың орындалу деңгейі мен межеленген көрсеткіштердің жүзеге асу барысы егжей-тегжейлі қаралды.
Жиын барысында ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әбдікерім Мұналов әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, бірқатар маңызды деректермен бөлісті. Оның айтуынша, Келес ауданында 2025 жылдың I жартыжылдығы қорытындысымен оң динамика сақталған. Атап айтқанда, салықтық түсімдер бойынша жоспарланған 3 049 092 теңгенің орнына нақты түсім көлемі 3 853 413 теңгеге жетіп, жоспар 126,4% орындалған.
Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеу байқалады. Аталған кезеңде салаға тартылған инвестициялар 108,7% деңгейінде жүзеге асса, тауарлы балық шаруашылығында 60 тонна өнім өндіріліп, жоспар толық көлемде орындалды. Бұл – аудан экономикасында балық шаруашылығының да болашағы зор бағыттардың бірі екенін дәлелдейді.
Дегенмен, Даурен Сариев кейбір салаларда жоспарлық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қосымша жұмыстар қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, өнеркәсіп секторы бойынша индикаторларды жақсарту – күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Осыған орай сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
– Жоспарды орындау – бір мәселе, ал оны сапалы әрі тиімді орындау – негізгі міндет. Әр сала бойынша бюджет қаражаты уақытылы әрі толық көлемде игерілуі тиіс. Бұл бағытта жауапты бөлімдер мен мекемелер нақты жұмыс жүргізуі қажет, – деді Даурен Сариев.
Жиын соңында Даурен Нұрланұлы қатысушыларға халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында көрсеткіштермен қатар, нақты нәтижеге қол жеткізудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы кезеңде ауданның әлеуетін одан әрі дамыту бағытында кешенді шаралар қабылданатынын жеткізді.