Келес ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Дәурен Сариев жеке қабылдау өткізді. Қабылдау барысында Ақтөбе ауылдық округінің тұрғыны Гүлзина Мырзақулова Құйған елді мекенінде кітапхана ашу туралы өзекті мәселені көтерді.
Азаматшаның айтуынша, ауыл тұрғындары үшін кітапхана – тек білім мен ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар мәдени, рухани дамудың орталығы болып табылады. Қазіргі уақытта Құйған елді мекенінде тұрғындарға арналған кітапхана қызметі жоқ, бұл жастар мен оқушылар үшін айтарлықтай қолайсыздық туғызып отыр. Өз кезегінде Дәурен Сариев бұл мәселенің маңыздылығына назар аударып, бұл жөнінде өз ойын білдірді.
– Кітапхана – тек кітап қоятын орын емес, ол – өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, мәдениетін арттыратын маңызды рухани орта. Құйған елді мекенінде мұндай орталықтың қажеттілігі айқын. Мен бұл мәселені жергілікті жерде барып, көзбен көріп, тұрғындармен кездесіп, жан-жақты талқылауға дайынмын. Біз халықтың сұранысына сай шешім қабылдаймыз, – деді Дәурен Сариев.
Аталған мәселені шешу жолдарын қарастыру үшін жауапты мекемелерге нақтырақ айтсақ, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ердаулет Жасұзақов пен аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөліміне нақты тапсырмалар жүктелді.