Келес ауданына қарасты Бірлесу ауылдық округінің әкімі Жанболат Серікбаев жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Округ әкімінің мәлімдеуінше тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында көптеген бағытта нақты істер қолға алынған.
Ауылдық округте ауыз су, табиғи газ, жол, жарықтандыру, денсаулық сақтау, тұрғын үй және әлеуметтік қолдау салаларында маңызды нәтижелерге қол жеткізілуде. Мәселен, «Аманат» дәрігерлік емханасы мен фельдшерлік-акушерлік пункт халыққа үздік қызмет көрсетуде. Өткен жылы 28 гвардия елді мекенінде жаңа дәрігерлік емхана толықтай аяқталып, пайдалануға берілген.
Тұрғындардың таза ауыз сумен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан елді мекені толыққанды ауыз сумен қамтылып, көшелердегі 37 сынған құдық қақпағы жаңартылды. Сонымен қатар, Дихан мен Берекелі елді мекендеріне «Омега» су тазарту қондырғылары орнатылып, халықтың қолжетімді таза суға қол жеткізуі қамтамасыз етілді.
Бірлесу ауылдық округінің 4 елді мекенінде табиғи газ тарту жұмыстары нәтижесінде абоненттер саны 825-ке жетті, бұл ауыл тұрғындарының 89%-ын құрайды. Сонымен бірге, Қазақстан елді мекеніндегі М.Әуезов көшесіне 1,16 шақырымдық жарықтандыру жүйесі орнатылып, Дихан ауылындағы бірнеше көшеге шағал тас төселді.
Аталған округтегі Ташкент каналына тұрғындар үшін көпір салу жұмыстары басталып, нысан пайдалануға берілді. Елді мекен шегіне қосымша 109 гектар жер енгізіліп, оның 33 гектары Қазақстан ауылына, 49 гектары 28 гвардияға, 13 гектары Диханға және 15 гектары Берекеліге бөлінді. Жерге орналастыру жобалары әзірленуде.
Кездесу барысында журналистер округтің даму жоспарлары мен тұрғындардың күнделікті өміріндегі өзекті мәселелер бойынша сауалдар қойып, әкім Жанболат Серікбаев халықтың жағдайын жақсарту үшін атқарылып жатқан жұмыстар мен болашақтағы жоспарлар туралы жан-жақты ақпарат берді.