КЕЛЕС АУДАНЫНДАҒЫ ЖОЛ САПАСЫНА САРАПТАМАЛЫҚ ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Келес ауданында автомобиль жолдарының сапасын бақылау және құрылыс талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Түркістан облыстық филиалының мамандары арнайы құрал-жабдықтармен аудан аумағындағы жолдарды сараптамалық тексеруден өткізуде.
Мамандар биыл жөндеуден өткен ішкі көшелердің сапасына ерекше назар аударып, жиек тастары мен асфальтбетон қабатына зерттеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Жамбыл және Алғабас елді мекендерінің ішкі көшелерінде асфальт жабынының қалыңдығы мен төселу сапасы сметалық құжаттама талаптарына сәйкес келетіні анықталды.
Қазіргі таңда жол құрылыс материалдарының құрамына және асфальт жабындысының нығыздалу деңгейіне зертханалық сараптама жүргізілуде. Сараптама нәтижелері аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсынылатын болады.
Аудан көлемінде жол сапасын арттыру мақсатында мұндай тексерулер кезең-кезеңімен барлық елді мекендерде жүргізіледі.
Айта кетейік, 2025 жылы Келес ауданында жалпы ұзындығы 33,9 шақырымды құрайтын 21 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурстары нәтижесінде мердігер мекемелер анықталып, белгіленген жұмыстар кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
🔗Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі