КЕЛЕС: ӘКІМДЕР БАСТАҒАН КОМАНДАЛАР ЖАРЫСТЫ ЖАНДАНДЫРДЫ

КЕЛЕС: ӘКІМДЕР БАСТАҒАН КОМАНДАЛАР ЖАРЫСТЫ ЖАНДАНДЫРДЫ
КЕЛЕС: ӘКІМДЕР БАСТАҒАН КОМАНДАЛАР ЖАРЫСТЫ ЖАНДАНДЫРДЫ
Келес ауданында «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» және «Астана күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған волейболдан ауданаралық жарыс жоғары деңгейде өтті. Спорттық шара Қошқарата ауылындағы С.Сейфуллин мектебінің спорт залында өткізіліп, көрермендер мен жанкүйерлерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев барша қатысушылар мен қонақтарды айтулы мерекелермен құттықтап, спорттың қоғамдағы орнына ерекше тоқталды:
— Құрметті спорт сүйер қауым, қадірлі жарысқа қатысушылар! Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Астана күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – халқымыздың тарихы мен Тәуелсіздігіміздің жарқын нышандарын дәріптейтін ерекше күндер. Осындай тағылымды мерекелер аясында ұйымдастырылған спорттық жарыстар – бірлік пен достықтың, ел ынтымағы мен жастардың жарқын болашағының көрінісі. Волейбол – ұйымшылдықты, шапшаңдықты, шыдамдылықты талап ететін спорт түрі. Бүгінгі сайыс жас ұрпаққа серпін беріп, салауатты өмір салтын ұстануға үндейтініне сенімдімін. Баршаңызға сәттілік пен жеңіс тілеймін, – деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Жарысқа Жетісай, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Шардара және Мақтарал аудандарынан келген командалар қатысты. Жарыстың ерекшелігі – командаларды аудан әкімдері бастап келіп, жарысқа белсенді түрде қатысқаны болды. Аудан басшылары өз командаларымен бірге алаңға шығып, волейбол ойнады. Бұл қатысушыларға ерекше жігер беріп, сайыстың атмосферасын жандандыра түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Жетісай ауданының командасы, ІІ орынды Қазығұрт ауданының командасы, ал ІІІ орынды Келес ауданының командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар, «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік доп үйлестіруші», «Жеңіске деген ерік-жігері мен шеберлігі үшін» атты арнайы номинациялар бойынша дара шыққан спортшылар марапатталды.
🔗Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі