КЕЛЕСТІҢ МАҚТАНЫШЫ – САНЖАР ТӘШКЕНБАЙ ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРДЫ
Астана қаласында өткен бокстан Әлем кубогының кезекті кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Түркістан облысы, Келес ауданының тумасы Санжар Тәшкенбай алтын жүлдені жеңіп алды.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз ақтық сында филиппиндік Джей Брайан Барикуатромен қолғап түйістіріп, жекпе-жек барысында шеберліктің жоғары үлгісін көрсетті. Әлем аренасында еліміздің абыройын асқақтатқан Санжар Тәшкенбай бұл жолы да жанкүйерлер сенімін ақтап, лайықты жеңіске жетті.
Бүкіл елдің көзайымына айналған жеңіс иесін туған өлкесі – Келес ауданы да зор мақтанышпен қарсы алды. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев чемпионды жеке өзі телефон арқылы құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді:
«Санжар, жеңісің құтты болсын! Еліміздің жүрегі – Астана күніне күллі қазақ халқына жасаған зор сыйлығыңа мың алғыс! Денің сау, жанұяң аман болсын! Спортта биік белестерді бағындырып, ел намысын абыроймен қорғай беруіңе тілектеспін! Келес ауданының тұрғындары сені әрдайым чемпиондық тұғырдан көргісі келеді», – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, Астана қаласының тұрғыны Санжар Тәшкенбай - 2003 жылы Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округі Ғ.Мұратбаев елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі - Тәкен өмірін ұстаздыққа арнаған, он екі ұл мен қызды өсірген ақын Тәшкенбай Шалдыбаевтың үлкен ұлы.
Санжар Тәшкенбайдың бұл жеңісі – тек жеке жетістік қана емес, ол – ел спортының дамуына қосылған елеулі үлес, жас буынға үлгі боларлық ерлік. Келестің киелі топырағында дүниеге келген ұландардың әлемдік деңгейде ел намысын қорғауы – өңірдің мақтанышы.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі