КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖІБЕК ҚҰРТЫН ӨНДІРУ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың бастамасымен аймақта ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларға ерекше мән берілуде. Бүгін аудан басшысы «Асвс ойл» ЖШС өкілдерін қабылдап, жаңа өндіріс орнының ашылу барысын талқылады.
Аталған серіктестік Ошақты ауылдық округіне қарасты Сарыжылға елді мекенінің аумағынан жалпы құны 1 млрд 780 млн теңге болатын жібек құртын өсіру және өңдеу кәсіпорнын салуды қолға алуда. Жобаның аясында 60 гектар жер учаскесіне тұт ағашының көшеттері отырғызылып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Қазіргі таңда аталған жер учаскесі заңды негізде бөлініп, қажетті инфрақұрылым жұмыстары басталды. Атап айтқанда, жер асты су ұңғымасы қазылып, су шығару жұмыстары сәтті аяқталған. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасындағы әріптестермен тұт ағашының көшеттерін жеткізуге байланысты келісім-шарт жасалды.
Ағымдағы жылы жоба тиімділігін бағалау мақсатында Біртілек ауылдық округі аумағында 0,5 гектар жерге сынамалық тұт көшеттері отырғызылған болатын. Қазіргі таңда аталған көшеттер жергілікті климатқа бейімделіп, алғашқы өнімін беруде.
Жобаның келесі кезеңінде инвесторлар тұт жапырағынан шай өндіру бағытын дамытуды көздеп отыр. Бұл мақсатта Қытайдан арнайы шай өндіруге арналған заманауи қондырғыларды жеткізу жоспарлануда.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі