КЕЛЕС: 8 МЛН ТЕҢГЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Жыл басынан бері Келес ауданында қоғамдық орындарда тазалықты сақтамау және абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері бойынша 330 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді.
Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 269 дерек анықталып, осы құқықбұзушылықтар үшін азаматтарға жалпы сомасы 7 097 260 теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде 126 азамат айыппұлын төлеп, мемлекеттік бюджетке 3 313 168 теңге өндірілді.
Сондай-ақ, 505-бап бойынша 61 жағдай тіркеліп, оның 38-іне ескерту берілді, ал 23 құқықбұзушыға жалпы сомасы 1 238 580 теңге көлемінде айыппұл салынды. Төлем жасаған 13 азаматтан 648 780 теңге өндірілді.
Жалпы алғанда, тазалық талаптарын сақтамаған азаматтарға 8 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл көрсеткіштер аудан аумағында экологиялық тәртіп пен қоғамдық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Келес аудандық полиция бөлімі мен жергілікті әкімдік өкілдері «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстарды одан әрі күшейтіп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, санитарлық нормаларды сақтауға және ортақ жауапкершілікті арттыруға шақырады.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі