КЕЛЕСТЕГІ СӘБИЛЕРДІ ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Халықаралық Олимпиада күніне орай, елімізде 23 маусым күні дүние есігін ашқан барлық нәрестелерге арнайы сертификат, құттықтау хаты және естелік сыйлықтар табыстады. Осы күні «Абай» Келес аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінде қуанышты жаңалық орын алды. Осы бір ерекше күнде дүниеге 2 ұл және 2 қыз келді.
Бұл сәттің мәні тек жаңа өмірдің басталуымен ғана емес, сонымен қатар ұлттық спорт идеясымен ұштасуында. Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитеті атынан жаңа туған сәбилерге арналып «Olympian is born» («Өмірге олимпиадашы келді») деген жазуы бар ерекше мерекелік жиынтықтар табысталды. Сондай-ақ, Олимпиада күні дүниеге келгенін растайтын арнайы сертификат пен естелік сыйлықтар да ата-аналарға салтанатты түрде берілді.
«Бүгін өмірге келген әрбір сәби – еліміздің ертеңі. Біз олардың арасында болашақ Олимпиада жеңімпаздары өсіп келе жатқанына сенімдіміз. Осы бір символикалық күнде дүниеге келу – үлкен жауапкершілік пен шабыттың бастауы», – делінген Олимпиадашылардың құттықтауында.
Олимпиадашылардың атынан жолданған жылы лебіз бен ізгі тілектер – бұл сәбилер үшін болашақта үлкен шабыт көзі болары анық. Ұлттық Олимпиада комитеті ата-аналарды шын жүректен құттықтай отырып, сәбилердің болашағы жарқын болып, спортқа деген сүйіспеншілігі ерте қалыптасатынына сенім білдірді.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі