КЕЛЕС АУДАНЫНДА МЕКТЕПТЕР КЕШЕНДІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жұмыс сапары аясында реновация жобасы бойынша жөндеуден өтіп жатқан бірқатар білім беру мекемелерін аралады. Атап айтқанда, аудан басшысы Абай ауылындағы №4 Ж.Баласағұн атындағы жалпы білім беретін мектепте болып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Бүгінде Келес ауданында екі білім ошағы – №1 О.Есімов атындағы және №4 Ж.Баласағұн атындағы мектептер реновация жобасы аясында кешенді жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстар оқу ордаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту, оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Жөндеу жұмыстары аясында мектептердің ішкі және сыртқы инженерлік желілері толықтай жаңартылуда. Аудан әкімі нысанды аралау барысында құрылыс жұмыстарының сапасына, қолданылып жатқан құрылыс материалдарының стандарттарға сәйкестігіне, техникалық қадағалаудың дұрыс жүргізілуіне және белгіленген мерзімдерге сай аяқталуына ерекше назар аударды.
Жоспар бойынша, барлық жөндеу жұмыстары 2025 жылдың жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқталып, мектептер оқушылар мен мұғалімдердің игілігіне пайдалануға берілмек.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі