КЕЛЕСТЕ РУХАНИЯТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Келес ауданында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын жоғары деңгейде өтті. Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған бұл шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, аудан мәдениетінің өркендеуіне үлес қосып жүрген сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты жиында аудан басшысы өнер саласында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге алғыс айтып, олардың ел руханиятына қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті. Жәнібек Ағыбаев бірнеше мәдениет қызметкеріне облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев та сахна төріне көтеріліп, сала қызметкерлеріне жүрекжарды тілегін арнап, бірқатар азаматтарды марапаттады.
Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен ауылдық клуб қызметкерлері арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мәдениет қызметкерлерінің өнері көрермендерді тәнті етіп, салтанатты кешті ерекше әрледі.
Кештің көркін аша түскен сәттің бірі — халықтық «Күлкі терапиясы» театрының сахналық интермедиялық қойылымы болды. Әзіл мен шындықты шебер үйлестірген өнерпаздар ел ішіндегі түрлі әлеуметтік мәселелерді астарлы түрде жеткізіп, көрермен қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, Әшірәлі Кенжеев атындағы Мәдениет үйі аудан көлемінде мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, өнерпаздардың шығармашылығын дамытуға үлес қосуда. Атап айтқанда, “Келес халық” және “Күлкі терапиясы” әзіл-сықақ халықтық театр ұжымдары осы мекеме аясында жұмыс істейді.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі