КЕЛЕС: АЛПАМЫС БАТЫРДАҒЫ 33,85 ШАҚЫРЫМ ЖОЛДЫҢ 76,4% АСФАЛЬТТАЛДЫ

КЕЛЕС: АЛПАМЫС БАТЫРДАҒЫ 33,85 ШАҚЫРЫМ ЖОЛДЫҢ 76,4% АСФАЛЬТТАЛДЫ
КЕЛЕС: АЛПАМЫС БАТЫРДАҒЫ 33,85 ШАҚЫРЫМ ЖОЛДЫҢ 76,4% АСФАЛЬТТАЛДЫ
 
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Алпамыс батыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында соңғы уақытта атқарылған жұмыстарды және алдағы кезеңде жүзеге асырылуы жоспарланған жобаларды таныстырды. Кездесуде аудан басшысы ауданның экономикасын нығайту, инфрақұрылымды дамыту, және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында қолға алынған маңызды бастамаларды атап өтті.
 
– Алпамыс батыр ауылдық округінде көптеген маңызды жұмыстар атқарылуда. Біз ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік нысандардың құрылысын жалғастыру, инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың тұрмыс деңгейін арттыру бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы жылы бірнеше жобаларды іске асыру жоспарлануда, оның ішінде ауыз су және жол мәселелерін шешуге бағытталған жобалар бар. Алдағы уақытта ауылда кәсіпкерлікті дамыту және жұмыс орындарын ашу мәселелеріне баса назар аударылатын болады, - деді аудан әкімі.
 
Келес ауданы өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. 48,2 миллиард теңге көлемінде негізгі капиталға инвестиция тартылды, биыл жеке кәсіпкерлер есебінен 63,2 миллиард теңге көлемінде 5 жоба іске асырылып, 2 180 жаңа жұмыс орны ашу жоспарлануда.
 
Білім беру, мәдениет және әлеуметтік инфрақұрылым саласында да жаңа мектептер мен мәдениет үйлерінің құрылысы жалғасуда. Алдағы жылдары басты мақсат — ауыз сумен қамту көлемін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, өңдеу өнеркәсібін қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады.
 
Кездесуде Алпамыс батыр ауылдық округінің әкімі Ерлан Әділханов ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, ағымдағы жылдың жоспарлары туралы айтып өтті. Ауылдық округтегі инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың құрылысын дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау және халықтың тұрмыс деңгейін арттыру бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Алпамыс батыр ауылдық округінде инфрақұрылымды дамыту және ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы ауылдағы жалпы ұзындығы 33,85 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының 76,4%-ы, яғни 21,37 шақырымы асфальтталып, пайдалануға берілді.
 
Ауылдық округте жүргізілген бұл жұмыстар «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ақжол елді мекеніндегі Жеңіс, Т.Бигельдинов, Мерей, Ш.Қалдаяқов, С.Сейфуллин, Жастар және Бейбітшілік көшелерінде асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталып, елді мекеннің басқа да көшелері жаңартыла бастады. Сонымен қатар, Қауыншы елді мекеніндегі бірнеше көшелерге тас шағал төсеу жұмыстары жүргізіліп, көлік қатынасы үшін маңызды жолдар жаңартылды.
 
Тұрғындар ауылдың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсарту, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, жаңа жұмыс орындарын ашу туралы сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын білдірді. Олар ауылда кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді арттыру, сондай-ақ ауыз су және жол мәселелеріне қатысты нақты шаралар қабылдауды сұрады. Тұрғындардың сұрақтарына аудан әкімі мен ауыл әкімі жауап беріп, алдағы уақытта бұл мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
 
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі