КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚАУІПСІЗ ЖАЗҒЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚАУІПСІЗ ЖАЗҒЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ
КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚАУІПСІЗ ЖАЗҒЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ
 
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен маңызды жиын өтті. Онда жасөспірімдер мен мектеп оқушылары арасындағы құқықбұзушылықтардың, оқыс оқиғалардың алдын алу шаралары, жаз мезгілінде суға шомылуға тыйым салынған орындар жайлы ескерту жұмыстары, сондай-ақ 23 мамыр күні өтетін мектеп бітіруші түлектердің «Соңғы қоңырау» салтанатына дайындық барысы жан-жақты талқыланды.
 
Аудан басшысы жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі – басты назарда болуы керектігін баса айтты. Ол құқықбұзушылықтың алдын алу, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін тиісті шараларды дер кезінде жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.
 
— Алдымызда жазғы демалыс кезеңі мен мектеп бітіруші түлектер үшін маңызды «Соңғы қоңырау» сәті тұр. Бұл кезең – балалардың өмірі мен денсаулығына айрықша көңіл бөлуді талап етеді. Осыған байланысты, барлық тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп отыр. Қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіліп, тыйым салынған су айдындарында бақылау жұмыстары жолға қойылуы тиіс. Әрбір маман мен мекеме жауапкершілікпен қараса, біз өз азаматтарымыздың амандығын қамтамасыз ете аламыз, - деді аудан әкімі.
Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, дербес бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, жауапты мекемелерге оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізу міндеттелді.
 
✔️ Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі