КЕЛЕС: ЖҮЗІМДІК АУЫЛЫНДА ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР

КЕЛЕС: ЖҮЗІМДІК АУЫЛЫНДА ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР
КЕЛЕС: ЖҮЗІМДІК АУЫЛЫНДА ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР
 
Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыру және тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Жүзімдік ауылдық округіне жұмыс сапарымен келіп, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында ауылдың қазіргі жағдайы, атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.
 
Жүзімдік ауылдық округінде бірқатар әлеуметтік-экономикалық жобалар жүзеге асырылуда. Ауылдық округ құрамына Жүзімдік, Оңтүстік, Бірлесу және Ақсу елді мекендері кіреді. 690 отбасы, 4530 тұрғын бар. Халық негізінен ауыл және мал шаруашылығымен айналысады, мұнда 3 өндірістік кооператив пен 222 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Білім беру саласында 1067 оқушы білім алуда, шалғай елді мекендерден тасымал ұйымдастырылған. Балабақшамен қамту 100 пайызға жеткен.
 
Денсаулық сақтау саласында Жүзімдік пен Ақсу елді мекендерінде медициналық мекемелер жұмыс істейді. Жүзімдікте 50 орындық жаңа емхана құрылысы жоспарланған. Ауыз сумен қамту бағытында үш елді мекенде жаңа су жүйелері мен сүзгілер орнатылып, Ақсуда су құрылысы жүргізілмек. Барлық елді мекен табиғи газбен қамтылған. Жолдарды жөндеу мен жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
 
Биыл Жүзімдік ауылында 11 көше жөнделмек. Ащысай каналы тазартылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 10%-ға азайған. Кәсіпкерлік дамып келеді. Жаңа дәріхана, наубайхана, минералды су зауыты мен «Азиямед» емханасы салынып жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мәдениет үйінің құрылысы жоспарланған.
 
Кездесу барысында тұрғындар ауылдағы инфрақұрылым, ағын су мәселелері және жастарға кәсіп бастау мүмкіндіктері туралы өзекті сұрақтарын қойды. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев әрбір мәселені жеке-жеке қарап, жауаптыларға нақты тапсырмалар беріп, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетініне сенім білдірді. Тұрғындардың талап-тілегі орындалып, ауылдың дамуы үшін қажетті шаралар атқарылатын болады.
 
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі