КЕЛЕС: АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ ТҰРҒЫНДАРМЕН БІРГЕ ЖОСПАРЛАНАДЫ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Бірлесу ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді. Бұл кездесу – аудан халқының талап-тілегін тыңдап, өзекті мәселелердің шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.
Аудан басшысы алдымен Келес ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Сонымен қатар, биылғы жылы жүзеге асырылатын жобалар мен жоспарланған жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді.
Бірлесу ауылдық округінде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Халықтың негізгі қажеттіліктерін шешу бағытында ауыз су, табиғи газ, жол, жарықтандыру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, абаттандыру және әлеуметтік қолдау салаларында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Округ аумағында «Аманат» дәрігерлік емханасы мен бір фельдшерлік-акушерлік пункт халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы 28 гвардия елді мекенінде жаңа дәрігерлік емхананың құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Қазақстан елді мекені толықтай таза ауыз сумен қамтылып, көше бойындағы 37 дана сынған құдық қақпақтары жаңартылды. Дихан мен Берекелі елді мекендеріне «Омега» қондырғылары орнатылып, халық таза ауыз суға қол жеткізді. Бірлесу ауылдық округінің 4 елді мекенінің тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етіліп, абоненттер саны 825-ке жетті. Бұл көрсеткіш ауыл тұрғындарының 89 пайызын құрайды.
Қазақстан елді мекеніндегі М.Әуезов көшесіне ұзындығы 1,16 шақырымды құрайтын жарықтандыру жүйесі орнатылып, Дихан елді мекеніндегі бірнеше көшеге шағал тас төселді. Биыл Ташкент каналына тұрғындардың қатынауына арналған көпір құрылысы басталды. Нысан тамыз айында пайдалануға берілді. Жер кезегінде тұрған азаматтар саны – 588. Жаңадан 109 гектар жер елді мекен шегіне енгізіліп, жерге орналастыру жобасы дайындалды. Оның ішінде Қазақстан ауылына – 33 га, 28 гвардияға – 49 га, Диханға – 13 га, Берекеліге – 15 га жер бөлінбек.
Кездесу барысында Бірлесу ауылдық округінің әкімі Жанболат Серікбай ауыл аумағында атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету, табиғи газ тарту, жолдарды жөндеу, жарықтандыру, медицина, ауыл шаруашылығы, жер учаскелері және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі