ҚАЗЫҒҰРТ: ЖАҢА СУ ҚОЙМАСЫНА 500 МЫҢ ШАБАҚ САЗАН САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА
Қазығұрт ауданы облысымызға ауылшаруашылы дамыған, аграрлы аудан ретінде белгілі. Дегенмен, ауданда балық шаруашылығы соңғы жылдары қолға алынып, күн сайын дамып келеді. Бұл бағытта жұмысты жандандыру үшін бүгінгі таңда мемлекет тарапынан арнайы қолдаулар көрсетілуде. Осыны пайдалана отырып «Сабит» шаруа қожалығы Шарбұлақ ауыл округі Ақбастау елді мекенінде орналасқан «Ағанай» су қоймасында жалпы жоба құны 1,5 млрд теңгені құрайтын балық шаруашылығын ашып, кәсіпті дамытуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүруде. Атап айтқанда, 2024 жылы қоймадағы барша су ағызылып, қойма іші балшық пен қоқыстан тазартылған. Бүгінгі таңда су қоймасының құрылысы күшейтіліп, ескірген тұстары қайта жаңартылуда.
Жоғарыда аталған құрылыс жұмыстарын көру үшін аудан әкімі Азизхан Исмаилов Шарбұлақ ауыл округі Ақбастау елді мекеніне арнайы барды. Жасалып жатқан істерді көріп, шаруа қожалықтың құрылысқа жауапты мамандарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының инвестициялық жобаларды қолға алу бойынша тапсырмалары мен облыс әкімінің нұсқамаларын айта отырып, балық шаруашылығын дамытудың маңыздылығын, сол жердегі тұрғындарға ешқандай зияны тимеуі керек екенін де ескеруді тапсырды. Жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, заң аясында қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, атаулы жобаны 2025 жылы іске қосу жоспарлануда. Жоба балық өсіру мен өңдеу бағытында жұмыс жасап, алғашында 500 мың дана сазан балығының шабағын салу көзделіп отыр. Жоба іске қосылған сәттен бастап 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 1000 тонна балық өндіретін болады.

Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі