«КИЕЛІ МЕКЕН» АПТАЛЫҒЫ: «КӨКТЕРЕК» ӘУЛИЕ БҰЛАҒЫНЫҢ МАҢЫ ҚОҚЫСТАН ТАЗАРТЫЛДЫ

«КИЕЛІ МЕКЕН» АПТАЛЫҒЫ: «КӨКТЕРЕК» ӘУЛИЕ БҰЛАҒЫНЫҢ МАҢЫ ҚОҚЫСТАН ТАЗАРТЫЛДЫ
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығы Қазығұрт ауданы Сабыр Рақымов ауыл округінде орналасқан «Көктерек» әулие аймағында жалғасын тапты. Аудан әкімдігінің және еріктілер мен жергілікті тұрғындардың ұйымдастыруымен, әулие бұлақтың маңындағы арам шөптер жұлынып, қоқыстар жиналып, көшеттерді бұтау, ақтау жұмыстары жүргізілді.
Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша «Көктерек» әулие бұлағы бірнеше дертке шипа бола алады екен. Атап айтқанда, көк жөтелге, сары жараға, бруцеллез, қотыр ауыруларына емдік қасиеті өте жоғары дейді. Қазіргі таңда, ауыл округке қарасты Майбұлақ, Көкібел елді мекендерінің тұрғындары осы бұлақ көзінен сумен қамтамасыз етілген. Соның нәтижесінде, ауылда жоғарыда аталған ауру түрлері кездесе бермейді дейді тұрғындар.
Киелі аймаққа жүргізілген сенбілік жұмыстарына ауыл ақсақалдары ризалығын білдіріп, ел амандығы үшін құран бағыштап, бата-тілектерін қайырды.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі