Көктемнің ұлық мерекесі – Наурыз мейрамының игілігі мен қуанышы ерекше. Сондықтан, Мемлекет басшысының ұсынуымен биыл елімізде әз-Наурыз мерекесін жаңа форматта атап өту жоспары құрылып, 14-23 наурыз күндері аралығында 10 күн бойы мерекелеу жоспарланған. Осыған орай Наурыз мейрамының бастауы, бүгінгі Көрісу күні – Амал мерекесі қарсаңында Тұрбат ауыл округінде түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Көрісу күні» тақырыбында мерекелік шара өткізілсе, Қақпақ ауыл округінің тұрғындары ата дәстүрді жаңғыртып, туыс-туған, көрші-қолаңның халін сұрап, қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысты. Ауыл қариялары бата берісіп, жастары үлкендерге ән айтып, ас ұсынды.
Ал, аудан орталығында «Қ.Өміралиев» атындағы орталық кітапханасының және аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-ның ұйымдастыруымен, Көрісу күні – Амал мерекесіне орай «Жаңа өмір – Жаңа күн» атты мерекелік шара өтті.
Мерекелік шараға ауданның ақылгөй қариялары, ақ жаулықты әжелері, аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты. Мерекелік жиын барысында аудандық орталық кітапханасының директоры Райымбек Айтубай құттықтау сөз алып, жиналған көпшілікке мерекенің маңызы мен негізі жайлы сөз қозғады. Мереке күні аудандық мәдениет сарайының ұжымы арнайы көрісуге келіп, өнерпаздар өлең оқып, ән шырқап, би билеп мерекенің көркін кіргізді. Қонақтар мерекенің сәні болған Наурыз көжеден дәм татты.
Алдагерлер және әжелер алқасының мүшелері ізгі тілектерін білдіріп, барша жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап ақ баталарын берді.