«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген даналық сөз бар елімізде. Қоғам бар жердің барлығында ынтымақтасу болатындықтан, қайырымдылық та болады. Сондай жақсылықты, қайырымдылықты жасап жүрген жерлестеріміз де ауданымызда аз емес. Қ.Әбдалиев ауыл округі, Рабат елді мекені тұрғындары Нәлібаевтар отбасы демеушілік жасап, елді мекеннің жалғыз басты тұрмысы төмен қариясына баспана сыйлады. Бұл қайырымды отбасының бірінші ізгілігі емес екен. Нәлібаевтар отбасы бұдан бұрын да бірнеше жағдайы төмен отбасылар мен осал топтағы ауыл адамдарына баспаналар сыйлап, көмек қолын созып жүреді.
Ерлік әдетте жұмсақ мінезді серік етеді, сондықтан ер жүрек адам қайырымдылық жасауға басқадан гөрі қабілетті келеді. Демек, мұндай қайырымдылық жасауға бейім, жүректері жылы азаматтардың іс-әрекеті ерлікке тең.
Баспана кілтін табыстау салтанатына аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы барып қатысып, демеушілік жасап отырған отбасыға алғыс айтып, ыстық ықыласын білдірді. Сондай-ақ, жаңа шаңырақ иесімен қуанышын бөлісті.
Нәлібаевтар отбасы бұл ісімен көпшілікке үлгі болып қана қоймай, халықтың алғысына бөленді.