СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ
СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ
Құрметті ұстаздар мен мектеп бітіруші түлектер!
Сіздерді соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға. Түлектеріміз өздерінің он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырып отыр. Оқу жылын сәтті аяқтап, бірінші сыныптан екіншіге аяқ басқан жас бүлдіршіндер мен барлық мектеп оқушыларымыз жазғы демалыстарын жақсы өткізіп, көтеріңкі көңіл күймен жаңа оқу жылына оралуларыңызға тілектеспін. Еліміздің болашағы – Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан, терең білім алу жолында ізденіп, ел экономикасының дамуына үлес қосатын азамат болуларыңызға ізгі тілегімді арнаймын.
Ұстаз бақыты – шәкірт құрметі. Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім - тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт - бағдар берудегі ұстаздың еңбегі ерекше.
Ауданымыздағы игiлiкті істердің барлығы елдiң болашағы – жас ұрпақтың келешегi жарқын болуы үшiн жасалып жатыр. Аудан көлеміндегі мектептердің материалдық техникалық базасы жақсарып келеді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында, биылғы жылы 4 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар П.Тәжібаева, Сырлысай, Тұраб Тула мектептерінің құрылысы басталады.
1842 оқушы алтын ұя мектебімен қоштасқалы тұр. Барша жас түлектерді алдағы үлкен сынақ ҰБТ-дан абыроймен өтіп, Қазақстанымыздың білікті маманы атанатынына сеніміміз мол.
Құрметті Ұлағатты ұстаздар!
Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын. Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріңізге шын пейілмен алғыс айта отырып, «Соңғы қоңырау» мерекесімен сіздерді құттықтаймын.
Құрметті жас түлек!
Сіздердің жаңа өмір айдынына аттанғалы тұрған мерекелі күндеріңіз құтты болсын! Сіздерге тек қана мықты денсаулық, сәтті сапар, мерейлі мақсат тілеймін. Аспандарыңыз қашанда ашық болсын!
Ізгі тіліекпен, Қазығұрт ауданының әкімі А.Абдуллаев