Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Қарабау және Шарбұлақ ауылдық округтеріне арнайы барып, жаңадан қоныстанған тұрғын үйлердің табиғи газға қосылу барысымен танысты. Сонымен қатар атқарылған жұмыстардың нәтижесін көріп, ауыл тұрғындарымен бірге көптен күткен қуанышты жаңалықты бөлісті.
Атап айтқанда, Шарбұлақ елді мекеніндегі жаңадан қоныстанған Желтоқсан көшесіндегі 110 тұрғын үйге және Сынтас елді мекеніндегі жаңадан қоныстанған Бәйдібек көшесіндегі 120 тұрғын үйге табиғи газ берілді.
Аталған газбен жабдықтау нысандары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер «Канай» өндірістік кооперативі жүргізді. Жобалардың жалпы құны 175,0 млн теңгені құрайды.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары табиғи газдың берілуі көптен күткен қуанышты жаңалық болғанын айтып, мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен аудан басшылығына, басқа да азаматтарға өз ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, Қазіргі таңда аудан бойынша 61 елді мекеннің 55-і табиғи газ жүйесімен қамтылып, көрсеткіш 90,1 пайызды құрап отыр. Ал, Атажұрт және Еңбекші елді мекендерінде табиғи газ құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 57-ге жеткізіліп, қамту деңгейі 93,4 пайызды құрайды деп жоспарлануда.