ҚАЗЫҒҰРТТА ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

ҚАЗЫҒҰРТТА ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Қазығұрт ауданындағы Мәдениет сарайында «Жаңа халықтық Конституциясының нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті.
Тағылымды жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, ардақты ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары мен сала мамандары қатысып, жаңа 2026–2027 оқу жылының негізгі бағыттары мен білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылады.
Тамыз кеңесінің пленарлық отырысын Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Әзімханұлы Исмаилов ашып, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Жиында Қазығұрт ауданының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлия Алекбарқызы Егізек 2026–2027 оқу жылына арналған негізгі міндеттер мен стратегиялық жоспарларды таныстырды. Сонымен қатар білім беру үдерісіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді енгізу, педагогтердің кәсіби құзыретін арттыру, психологиялық қолдау жүйесін жетілдіру және оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес барысында білім саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар педагогтер мен білім беру ұйымдарының басшылары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Түркістан облысы әкімінің, Қазығұрт ауданы әкімінің, Түркістан облысы білім басқармасының және аудандық мәслихат төрағасының марапаттарына ие болды.
Сондай-ақ жиынға Астана қаласынан арнайы келген «Bilim Group» IT Холдингінің ChatGPT Edu жобасының AI-методологы Бақытжан Жолдасқызы Дүйсенова, Түркістан облысы Психологиялық қолдау орталығының басшысы Мөлдір Зайнуллақызы Баймұханбетова және Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Улжамал Жақсылыққызы Бейсебаева қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Мамандар ұстаздарға жаңа технологияларды тиімді пайдалану, психологиялық қолдау және педагогикалық шеберлікті жетілдіру бағытында пайдалы ақпараттар ұсынды.
Тамыз кеңесі – өткен оқу жылын қорытындылайтын жиын ғана емес, жаңа мақсаттарды айқындап, тың идеяларды саралайтын, білім саласының болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды алаң.
Жаңа 2026–2027 оқу жылы барша педагогтерге шығармашылық шабыт, кәсіби табыс пен толағай жетістіктер әкелсін.