Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары және ауыл округтерінің әкімдері қатысты.
Жеке қабылдау барысында Қазығұрт, Алтынтөбе, Жігерген және Қақпақ ауылдық округтерінің тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауыз су, “Жастар" және “Татулық” көшесіне асфальт төсеу, “Дихан” елді мекеніне трансформатор орналастыру, үй іргелік жер, электр жарығы, әлеуметтік көмек мәселелері жайында өтініштер айтылды. Сонымен қатар Шымкент қаласынан келген Мұратбай Абдуахат мырза Қазығұрт ауданын көркем безендіруге арналған жаңа жобаларын таныстырды.
Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме берді. Сонымен қатар, көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеу үшін жауапты бөлім басшылары мен ауыл округтерінің әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Қабылдау соңында аудан әкімі берілген тапсырмалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауға алу қажеттігін атап өтіп, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер тұрақты түрде назарда болатынын жеткізді.