Қазығұрт ауданында «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» тақырыбында облыстық кездесу-семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын дәріптеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Кездесудің спикерлері – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының доценті Рысбаева Сәуле Жақсыбайқызы және «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Байзахова Сабира Мұратқызы. Семинарды Қазығұрт ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі Иматов Қанат Абдурахманұлы жүргізді.
Семинарға аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері, мекеме басшылары, Қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және аудан белсенділері қатысты.
Жиын барысында спикерлер сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамда адалдық құндылықтарын кеңінен насихаттау, Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған Конституциясының негізгі бағыттары, Халықтық кеңестің қызметі, алдағы саяси науқан – Құрылтай сайлауы, мемлекеттік қызметте әдеп қағидаттарын сақтау және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады. Сонымен қатар қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Аталмыш кездесуде Қазығұрт ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі Иматов Қанат Абдурахманұлы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – әділетті мемлекет құрудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, қызметтік автокөліктерді тиімді әрі мақсатқа сай пайдалану мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара соңында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – барша азаматтың ортақ міндеті екендігін атап өтіп, қоғамда адалдық пен заң үстемдігін орнықтыру жолында бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.