ҚАЗЫҒҰРТ: ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҮНІ - ҚАСИЕТТІ ДОМБЫРА

ҚАЗЫҒҰРТ: ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҮНІ - ҚАСИЕТТІ ДОМБЫРА
Қазығұрт асуындағы «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешенінде Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Қазақ халқының рухани мұрасын дәріптеген айтулы шараға 100-ге жуық жас өнерпаз қатысып, күмбірлеген күй мен әсем ұлттық билер арқылы көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Шараның басты мақсаты – халқымыздың қасиетті мұрасы саналатын домбыраның ұлттық болмысымыздағы айрықша орнын айшықтап, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарға деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру.
Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – жас домбырашылардың бір мезетте күй орындауы болды. Мың бұралған бишілердің өнерімен үйлескен бұл көрініс қазақ халқының бірлігі мен рухани тұтастығын айшықтап, ұлттық өнердің мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Домбыра – халқымыздың тарихы, рухы мен болмысының айнасы. Ұлттық мұрамызды ұлықтауға арналған мұндай игі шаралар жас ұрпақтың бойына елдік рухты, ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруға зор ықпал етеді.