ҚАЗЫҒҰРТТЫҚТАР ЖАС ЧЕМПИОНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

ҚАЗЫҒҰРТТЫҚТАР ЖАС ЧЕМПИОНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов байрақты бәсекелерде ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген жас чемпиондармен кездесіп, оларды жоғары жетістіктерімен құттықтады.
Жас спортшылармен өткен кездесуде Нұрсұлтан Данабайұлы олардың жеңістері аудан жастары үшін үлкен үлгі екенін атап өтті.
– «Сіздердің жеңістеріңіз – тек жеке жетістік емес, ауданымыздың, облысымыздың және еліміздің мерейі. Осындай биік белестерге жетулеріңіз – табанды еңбектің, темірдей тәртіптің және жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жастарымыздың спорттағы жетістіктері өскелең ұрпаққа үлгі болып, оларды салауатты өмір салтын ұстануға, мақсатқа ұмтылуға жігерлендіреді деп сенемін. Сіздерге алдағы жарыстарда жаңа жеңістер, зор денсаулық, толағай табыс тілеймін. Қазақстанның көк байрағын әлемдік ареналарда әрдайым биіктен желбірете беріңіздер», – деді.
Айта кетейік, Қазығұрттық жас спортшылар Алматы қаласында дзюдо күресінен өткен жасөспірімдер арасындағы Азия кубогінде жоғары нәтиже көрсетіп, Үсенов Ерік Жаханбекұлы мен Қалмұрзаев Саят Талғатұлы чемпион атанды. Спортшыларды жарысқа жаттықтырушы Наушабеков Нұрболат Малдыбайұлы дайындаған.
Сондай-ақ, Қырғызстан Республикасының Ыстықкөл қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы қол күресінен Азия чемпионатында Сыдық Жадыра Әбдімәлікқызы мен Мамбеталиев Нұрислам Жаныбекович жеңіс тұғырынан көрініп, Азия чемпионы атанды. Олардың жаттықтырушысы – Сейткәрім Нұрмұхамбет Бақытжанұлы.
Кездесу барысында жас чемпиондар мен олардың жаттықтырушыларына аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың Алғыс хаттары мен қаржылай сыйлықтары табыс етілді.