Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері арасында өткен «JASTAR CUP III» республикалық шағын футбол турнирі өтті.
19 маусым - Қала күні және Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған спорттық дода жастар саясаты саласында қызмет атқаратын мамандар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және командалық рухты қалыптастыруға бағытталды.
Турнирге еліміздің 6 өңірінен 11 команда қатысып, жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. Жалпы 100-ге жуық жас бақ сынаған жарыс тартысқа толы өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысының командасы үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

І орын – «Түркістан-1» командасы

ІІ орын – «Әулиеата-1» командасы (Жамбыл облысы)

ІІІ орын – «Шымкент қаласы» командасы
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, кубоктармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар жарыс барысында ерекше ойын өрнегін көрсеткен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік команда» және «Үздік сұрмерген» аталымдарының иегерлері анықталды.
Аталған турнир жастар саясаты саласы мамандары арасындағы өзара байланысты нығайтып, достық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.