Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының бірлескен «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жастар жобасы Қазығұрт ауданында жалғасын тапты.
Жобаның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және қоғамда заңға құрмет қағидаттарын дәріптеу.
Іс-шараға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Абай Бауыржанұлы Қадыров, Департаменттің аса маңызды істер жөніндегі офицері, экономикалық тергеу қызметінің капитаны Гүлзия Нұрғалиқызы Қарсыбай және Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Маратұлы Беркінбай қатысып, жастарға сәттілік тіледі.
Кездесу барысында жастармен профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, дропперліктің қауіптілігі, банк карталарын және жеке деректерді бөгде тұлғалардың пайдалануына берудің құқықтық салдары, интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері түсіндірілді.
Жоба аясында өткен спорттық жарыстар жастарды белсенді өмір салтына баулып, тәртіп пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталды. Сонымен қатар, қатысушылар арасында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Облыстық жоба бекітілген кестеге сәйкес өңірдің барлық аудан-қалаларында өткізілуде. Аудандық кезеңдердің жеңімпаздары шілде айында өтетін финалдық кезеңге жолдама алып, өзара бақ сынайды. Финал қорытындысы бойынша үздік қатысушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
«TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» жобасы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және «Заң мен Тәртіп» қағидатын кеңінен дәріптеуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі болып табылады.