ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА 1 000 ТҮП АҒАШ КӨШЕТТЕРІ ЕГІЛІП, АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІККЕ 10 000 АДАМ ҚАТЫСТЫ

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА 1 000 ТҮП АҒАШ КӨШЕТТЕРІ ЕГІЛІП, АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІККЕ 10 000 АДАМ ҚАТЫСТЫ
Қазығұрт ауданында халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға және елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Жасыл болашақ» акциясы шеңберінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Аталмыш экологиялық іс-шараға аудан тұрғындары белсенді қатысып, жалпы саны 10 000 адам жұмылдырылды. Акция барысында Қазығұрт ауыл округіндегі «Орталық саябақта» және Сарапхана ауыл округіндегі «Мәңгілік Ел» саябағында санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Тазалық жұмыстарына 20 бірлік арнайы техника тартылып, 1 000 гектардан астам аумақ қамтылды. Нәтижесінде 20 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.
Іс-шара аясында аудан әкімі Азизхан Исмаилов тазалық жұмыстары барысымен танысты. Сонымен қатар, 1000 ағаш отырғызу рәсіміне қатысып, дендросаябақта ұйымдастырылған суретшілер көрмесін тамашалады және тазалық жұмыстарына белсенді түрде атсалысты. Бұдан кейін аудан басшысы Сарапхана ауылындағы «Мәңгілік Ел» саябағына барып, ондағы тазалық және абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Экологиялық акция тазалық жұмыстарымен ғана шектелмей, марафонмен жалғасын тапты. Аудан тұрғындары салауатты өмір салтын насихаттап, ерекше серпінмен жүгіріп өтті. Сонымен қатар, көрме алаңында экологиялық бастамалар мен шығармашылық жұмыстар ұсынылып, келушілерге ерекше әсер сыйлады.
Іс-шара барысында аудан әкімі Азизхан Исмаилов өз сөзінде: «Бүгінгі сенбілік – бұл тек тазалық жұмыстары ғана емес, бұл – туған жерге деген жанашырлықтың, бірліктің және ортақ жауапкершіліктің көрінісі. Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың парызы. Осындай игі бастамалар арқылы біз келешек ұрпаққа таза әрі көрікті ортаны аманаттаймыз», – деп атап өтті.
Бұл күн – тазалықтың ғана емес, бірлік пен белсенділіктің, табиғатқа деген жанашырлықтың айқын көрінісіне айналды.